12 баланың анасы: 34 жасар “батыр ана” өзіне айтылған сынға жауап берді

Фото: sputnik

ЖАҢАЛЫҚТАР
1777

34 жасар “батыр ана” өзіне айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.

Айым Сүйеуқұлова тұңғыштарын 17 жасында туған. Егіздері де бар екен. 12-сәбиін жақында ғана өмірге әкелген. Жас “батыр ана” тілшісіне берген сұхбатында жолдасының қанша табыс табатынын, соған қарамастан мемлекеттен ешқандай көмек сұрамағанын айтқан. 

«Күйеуім күзетші болып жұмыс істейді, жалақысы - 47 мың теңге.  Екі күн жұмыс, екі күн демалады. Сол демалысында құрылыста жұмыс істейді. Баланы өзіміз үшін туамын. Ешқашан не мектепке, не әкімдікке алақан жайған емеспіз», - дейді Айым. 

Отбасының үлкені студент, болашақ педагог. Үйде 5 қыз, 7 ұл бар. Айым күйеуіне наз айтып, сыйлық та сұрап көрмеппін дейді. 

"Күйеуімнің қасымда аман жүргенінің өзі бақыт қой. Сыйлық сұрап наз айтып көрмеппін. Әлеуметтік желіде мені туа беретін әйел деп сөгеді. Балаларым Алланың бізге берген несібесі. Болашақта да Алла бала берсе тастамаймын, бермесе қақсамаймын", - дейді көпбалалы ана. 

Сонымен қатар, көп баланың анасы Айым “12 құрсақ көтерсем де күйзеліс дегенді білмеппін” деп, өзінің көп балалы болудан еш зиян көрмегенін де атап өткен.