Павлодарда жолақы үшін жанжал шықты: жолаушы автобус жүргізушісін ұрып, бетіне бұрыш спрейін шашқан

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
261

Павлодарда қоғамдық көлік жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адам ұсталды. Жолаушы 58 жастағы жүргізушіні бірнеше рет ұрып, бетіне бұрыш спрейін шашқан. Зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Оқиға 2026 жылғы 2 қазанда Павлодар қаласының Усолка шағынауданында болған. Алайда автобус ішіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған жанжалдың видеосы 17 қарашада әлеуметтік желіде кеңінен тарады. 

Куәгерлердің айтуынша, қоғамдық көлікке жас жігіт пен қыз мінген. Олар жолақы төлеуден бас тартқан деген ақпарат бар. Осыдан кейін жүргізуші мен жолаушылар арасында сөзге келіспеушілік туындаған. 

Бейнежазбада жас жігіттің жүргізуші кабинасына жақындап, оған бірнеше рет соққы жасағаны көрінеді. Жүргізуші орнынан тұрып, салонға шыққан кезде ер адам оның бетіне бұрыш спрейін шашқан.

Осы сәтте автобуста басқа жолаушылар, оның ішінде балалар да болған. Жүргізуші бетін қолымен жауып, кабинасына қайта жетіп, есіктерді ашқан. Салондағы адамдар сыртқа асығыс шыққан. Ал шабуыл жасаған азамат оқиға орнынан қашып кеткен. 

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиғадан кейін 58 жастағы жүргізуші жедел жәрдем көлігімен Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың травматологиялық пунктіне жеткізілген.

Дәрігерлер оның көзінің қасаң қабығы мен конъюнктивасы жеңіл дәрежеде химиялық күйік алғанын анықтаған.

Зардап шегушіге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, кейін тұрғылықты жері бойынша офтальмологтың амбулаториялық бақылауына жіберілген.

Автобус бағытына қызмет көрсететін компания өкілдерінің мәліметінше, оқиға кезінде жүргізуші жұмыс орнында болған және қауіпсіздік белдігін тағып отырған. Жанжалдан кейін ол бірнеше күн еңбекке уақытша жарамсыздық парағымен емделген. 

Оқиғаға қатысты Павлодар облысының полиция департаменті түсініктеме берді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. 17 қарашада күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Күдіктіге қатысты түпкілікті құқықтық шешім қабылданған жоқ. 

СПОРТ

Бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай көптен бергі ар...

Шоу-бизнес

Танымал актриса Фариза Ескермес қазақ шежіресіндегі әйелдердің орны туралы мәселе көтерді. Өнер иесі...