Талғат Арданға қатысты жаңа үкім шықты

Фото: ulysmedia

Жаңалықтар
286

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы) деп айыпталған Талғат Арданға қатысты үкімді жариялады, деп хабарлайды madeniportal.kz Ulysmedia.kzтілшісіне сілтеме жасап.  

Іс сотталушыға қатысты халықаралық іздестіру жарияланғандықтан оның қатысуынсыз сырттай қаралды.

2016 жылғы 22 желтоқсанда «LRT» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы А. қызметтің мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, нақты қажеттіліксіз LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму банкінен (бұдан әрі – ҚМДБ) сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 млн. АҚШ долларын заңсыз сұратқан. Қаражат түскен сәттен бастап олар жоба бойынша пайдаланылмаған.

2018 жылғы 26 қарашада Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Банктің қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылды.

Осылайша, аталған жобаны іске асыру бұзылды, ҚМДБ-нен алынған қарыз қаражаты ЖШС-ге қайтарылмады және ақшалай қаражат нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай, «City transportation systems» ЖШС-не 85 млрд. теңгеден астам шығын келтірілгендіктен, оның әрекеттері ауыр салдарға алып келді.

Сондай-ақ А. бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 03.05.2023 жылғы үкімімен аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) сырттай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен, қылмыстық істің материалдарымен расталды. 

Прокурор ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру және ҚК 58-бабының 6-бөлігін қолдана отырып, алдыңғы үкім бойынша жазаны ішінара қосу арқылы, түпкілікті өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 11 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды және А.-дан «City transportation systems» ЖШС-нің пайдасына 85 млрд. теңгеден астам соманы өндіріп алуды сұрады.

Жәбірленушінің өкілі прокурордың ұстанымын қолдады.

Қорғаушы тарап қылмыс құрамының болмауына байланысты сотталушыны ақтауды сұрады. 

ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағының санкциясы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот сотталушының жас балаларының болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен А. ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды және ҚК 58-бабының 6-бөлігі қолданылып, соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, А.-дан «City transportation systems» ЖШС-нің пайдасына 85 млрд. теңгеден астам материалдық шығын өндірілді.

Іс бойынша ЖШС алған мемлекеттік қарыз, шарт бойынша бақылау жүзеге асырылмағандықтан, ҚР Қаржы министрлігі тарапынан лауазымды тұлғалардың немқұрайлылығы фактісі бойынша прокурордың атына жекеше қаулы шығарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...