«Қазақстан тарихы» интернет-жобасында мемлекет және қоғам қайраткері, халқының адал перз...
Тоқаев Конституциялық Сот төрағасының орынбасарын тағайындады
gov.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бақыт Нұрмұхановты Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты төрағасының орынбасары қызметіне тағайындады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Ақорданың 28 қыркүйекте жариялаған ресми ақпаратына сәйкес, Президент тиісті Жарлыққа қол қойған.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Нұрмұханов Бақыт Маратұлы Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Бақыт Нұрмұханов 1979 жылғы 13 мамырда дүниеге келген. 2000 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Заң ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқытушы болып бастаған. Кейін Конституциялық Кеңес аппаратында түрлі қызметтер атқарып, құқықтық сараптама бөлімін басқарды және Конституциялық Кеңес төрағасының кеңесшісі болды.
2017 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі аппаратының басшысы қызметін атқарған. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Конституциялық Сот судьясы болды.
Нұрмұханов бұған дейін де, 2023 жылғы қаңтардан 2026 жылғы 23 қыркүйекке дейін Конституциялық Сот төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Енді Президент Жарлығымен аталған лауазымға қайта тағайындалды.
Қазіргі Конституцияда Конституциялық Сот төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот төрағасының ұсынуымен судьялар арасынан Президент тағайындайтыны бекітілген.