ҰҚТ, жанармай және бағалы металдар: «Қазақмыс» төңірегіндегі ауқымды тексерулер жалғасуда

Ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
24

Ұлытау облысында «Қазақмыс» нысандары төңірегінде соңғы бірнеше жылда бірқатар қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлады  MadeniPortal.kz.

Құқық қорғау органдары металл, кен қорытпалары мен жанар-жағармай материалдарын ұрлауға қатысты бірнеше схеманың жолын кескенін хабарлады. Кейбір істерде кәсіпорын қызметкерлері мен күзет құрылымдарының өкілдері де күдікке ілінген.

ІІМ бірнеше қылмыстық топтың әрекетін тоқтатқанын мәлімдеді
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ұлытау облысында өткен жылдан бері «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС нысандарынан мүлік ұрлауға қатысы бар бірнеше қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.

Ведомствоның хабарлауынша, анықталған фактілер бойынша келтірілген шығынның 94,5 пайызы өндірілген.

Тергеу материалдарына сәйкес, ең резонансты істердің бірінде құрамында бағалы металдар бар кен қорытпаларын ұрлау схемасы анықталған. Құқық қорғау органдары бұл топты жергілікті қылмыстық орта өкілдері басқарған деп есептейді. Іс бойынша айыпталған тұлғалар сотталған.

Полиция 2026 жылдың басынан бері кәсіпорынға ірі көлемде шығын келтірген төрт ұрлық фактісін ашқан.

7 мамыр күні Мемлекеттік күзет қызметімен бірлескен арнайы операция барысында компания аумағынан жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығару схемасының жолы кесілді.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер арнайы техниканы жалған түрде жанармаймен қамтамасыз еткен болып көрсетіп, құжаттарды қолдан жасау арқылы отынды иемденген. Кейін оны заңсыз саудаға шығарған.

Жедел іс-шаралар кезінде бір тоннадан астам жанар-жағармай, қомақты қаржы, көлік құралдары, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді. Сонымен қатар күзет құрылымдарының жекелеген қызметкерлері тарапынан көмек көрсетілген болуы мүмкін деген деректер тексерілуде.

Металл ұрлығына қатысты істер бұған дейін де тіркелген
2024 жылдың шілдесінде ІІМ, ҰҚК және прокуратура бірлесіп өнеркәсіптік кәсіпорындардан металл мен түрлі тауарларды ұрлаумен айналысқан топтың ұсталғанын хабарлаған болатын.
Тергеу аясында 20-дан астам адам жауапқа тартылды. 

Олардың қатарында кәсіпорын қызметкерлері, қауіпсіздік қызметінің мамандары және басшылық құрам өкілдері болғаны айтылған.

Сол жылдың қазан айында құрамында қымбат металдар бар қорытпаларды ұрлау фактісі бойынша тағы бір қылмыстық схема әшкереленді. Күдіктілер құны 6,5 миллион теңгеден асатын өнімді алып шығу кезінде қолға түскен.

2023 жылы әлеуметтік желілерде «Жомарт» кенішінде түсірілген видео кең тарады. Онда екі адамның үшінші адамға күш көрсеткені бейнеленген.

Полиция оқиғаның «Қазақмысқа» қарасты кеніш аумағында болғанын растады. 

Екі күдікті ұсталып, қылмыстық іс бұзақылық бабы бойынша тіркелді.

Соңғы жылдардағы оқиғалар өндірістік нысандардағы қауіпсіздік пен ішкі бақылау жүйесінің тиімділігіне қатысты сұрақтарды күшейтті.

Құқық қорғау органдары металл, кен қорытпалары, жанармай ұрлығы, жалған құжат жасау және кәсіпорын ішіндегі адамдардың ықтимал қатысы бар бірнеше схеманы тергеп жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай істер жекелеген ұрлық фактілерінен гөрі корпоративтік қауіпсіздік пен экономикалық бақылау тетіктерінің тиімділігі мәселесін күн тәртібіне шығарады.

Қазіргі уақытта ІІМ қаржылық-шаруашылық құжаттарды зерделеп, келтірілген шығын көлемін нақтылап жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, шығын көлемі аса ірі мөлшерге жетуі мүмкін.

Ұлытау облысы үшін бұл мәселе тек бір компанияның қауіпсіздігіне ғана емес, өңірдің өнеркәсіптік тұрақтылығына, жұмысшылардың сеніміне және стратегиялық активтердің қорғалуына да тікелей қатысты.