66 жастағы спортсмен Гиннестің 30-шы рекордын орнатты

Фото: mr.hammerhand парақшасынан

СПОРТ
106

66 жастағы босниялық-германиялық жекпе-жек шебері Мухамед Кахриманович сусын құйылған қаңылтыр банкаларды жылдамдыққа қиратып, Гиннесстің рекордтар кітабына тағы бір рет енді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап. 

Көп дүркін рекордшы Мухамед Кахриманович Гиннесстің рекордтар кітабының кезекті сертификатына ие болды. Ол 50 дана сусын банкасын бір қолымен небәрі 21,32 секундта қиратып, ең жылдам уақыт көрсеткішін тіркеген.

Тегі босниялық, қазіргі таңда Германияның Гамбург қаласында тұратын Кахриманович қол күшін қолдану арқылы жасалатын жетістіктер санатында Гиннесстің рекордтар кітабындағы ең көп атақ алған қатысушылардың бірі саналады.

Қазіргі уақытта оның есебінде ресми расталып, тіркелген 30 әлемдік рекорд бар. Ал Кахримановичтің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жетістіктерінің нақты саны 73-ке жеткенін жазған.

«Балға қол» атанған шебер

Кахриманович жекпе-жек өнерімен 40 жылдан астам уақыт бұрын айналыса бастаған. Ондаған жыл бойы жаттығу арқылы ол білегінің ерекше күшін және соққы техникасын дамытқан. Осы қабілетінің арқасында оған «Балға қол» (Mr. Hammerhand) деген лақап ат берілген.

Ол әрдайым тхэквондоға ерекше көңіл бөліп, осы спорт түрінен жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Кахриманович қара белбеу иегері атанған.

Жекпе-жек шебері алғашқы рекордын 2011 жылы Гамбургте орнатқан. Сол кезде ол бір минут ішінде бір қолымен 66 шыны бөтелкені сындырған.

Қатты заттарды қиратып, рекорд жаңартқан

Кахримановичке ең үлкен танымалдылық қатты заттарды қиратып, әлемдік рекордтар орнатуының арқасында келген. Оның ерекше жетістіктерінің қатарында:

* 2022 жыл: бір минутта бір қолымен 148 кокос жаңғағын қиратып, рекорд орнатты;
* 2022 жыл: бір минутта бір қолымен 68 бейсбол битасын қиратты;
* 2022 жыл: екінші қолымен шикі жұмыртқаны бүлдірмей ұстап тұрып, 63 алюминий банканы қиратып шықты;
* 2025 жыл: көзі байланған күйде бір қолымен 48 кокосты қиратып, рекорд орнатты;
* 2026 жыл: көзі байланған күйде 224 грек жаңғағын қиратып, жаңа көрсеткіш тіркеді.

Осылайша, 66 жастағы Мухамед Кахриманович ерекше күшін сынайтын жаңа рекордтарымен Гиннесстің рекордтар кітабындағы жетістіктерінің санын толықтырып келеді. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында екі жастағы егіздердің анасының өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Марқұм...

PESTEL

Францияның батысында болған жол апатынан танымал кинопродюсер Николя Альтмайер мен оның жұбайы, Dior...