Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов даниялық "Силькеборг" сапы...
«Үш перзентінен айырылған»: Сәкен Бибосыновтың отбасында қуанышты жаңалық
Фото: видеодан скриншот
Қазақстандық танымал боксшы, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов әке атанды. Спортшы жұбайымен бірге ұлды болғанын хабарлап, қуанышты жаңалығымен әлеуметтік желіде бөлісті. Алайда бұл бақытқа жеткенше отбасы ауыр сынақтарды бастан өткерген, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Боксшы Instagram-парақшасында жүрекжарды жазба жариялап, бұған дейін үш перзентінен айырылғанын айтты.
«Кейбір қуаныштың артында ешкім білмейтін қаншама көз жасы, үнсіз түндер мен дұғалар жатады екен…
Бұл қуанышқа жеткенше тағдырдың талай сынағынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық… Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар…
Біз де үнсіз жыладық, іштей күйзелдік. Бірақ Алладан үмітімізді үзбедік. Дұға еттік, күттік, сендік. Сабыр сақтап, Жаратқаннан медет сұрадық.
Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей…
Алланың қалауымен ұлды болдық!» – деп жазды Сәкен Бибосынов.
Спортшы көптен күткен сәбиінің дүниеге келуін отбасы үшін ерекше қуаныш әрі жаңа үміт екенін жеткізді. Сондай-ақ ол өткенді ұмытпайтынын, өмірден өткен үш перзентінің орны жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті.
«Біз өткенді ұмытпаймыз. Жүрегімізде үш перзентіміздің де орны мәңгілік. Өмір деген осы шығар… Бір жағында қуаныш, бір жағында сағыныш. Бұл өмір — бір кем дүние…» – деді боксшы.
Жазбасының соңында Сәкен Бибосынов перзент аңсап жүрген барлық отбасыға ақ тілегін арнады.
Спортшының қуанышты жаңалығына желі қолданушылары мен жанкүйерлері де ортақтасып, жас отбасыға құттықтауларын жаудырып жатыр.