Бүгін Париж Олимпиадасының жабылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды madeniportal.kz. Бүгін Аста...
Жамбыл облысындағы демалыс аймағында 22 спортшы уланды
Фото: Pixabay
21 қаңтар күні кешке Жамбыл облысында оқу-жаттығу жиындарына келген жас спортшылар тобына шұғыл медициналық көмек қажет болды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Сағат шамамен 22:40-та Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына Қызылорда облысынан келген, жасы 12 мен 17 аралығындағы 22 жасөспірім «Тұран» демалыс аймағынан жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелетке толмағандарға этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит диагнозы қойылған.
Аурудың себептерін анықтау мақсатында науқастардан және тағам өнімдерінен зертханалық сынамалар алынды, қазіргі уақытта зерттеу нәтижелері күтілуде. Аталған факті бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Аталған оқиға Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Уәкілетті органдардың тексеру қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов барды, жедел штаб отырысы өткізілді. Барлық балалар дәрігерлердің бақылауында, құзырлы органдар тарапынан қажетті шаралар қабылданып жатыр», – деп мәлімдеді Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, «Тұран» демалыс аймағында барлығы 103 жас спортшы және 13 жаттықтырушы болған. Қалған балалар медициналық тексеруден өтті, олардан ауру белгілері анықталған жоқ.
Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы жеңіл деп бағаланып отыр, жалпы жағдайлары қанағаттанарлық, олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында.