Әлия Бөпежанова. Әлемге жол тартқан қазақ әдебиеті

РУХАНИЯТ
2097

(БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған «Қазіргі қазақ прозасының  антологиясы»,  «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» туралы бірер сөз)

Еліміздің мемлекеттік мәдени саясаты кезең-кезеңімен стратегиялық тұрғыдан жүйелі жүргізіліп келеді. «Мәдени мұра» мемлекеттік ауқымды жобасы халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған рухани қазынасын толыққанды түрде өзімен қауыштыруға, бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін рухани-ғылыми айналымға түсіріп, рухани бағдар да етіп отыруға қызмет етсе, стратегияның келесі ауқымды кезеңі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген мән-мазмұндарға байланысты. Мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» бөлімінде «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді» дей келе мықтап қолға алу қажет бірнеше жобаның бірі ретінде  «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын атап көрсеткені белгілі. Бүгінгі таңда бұл жоба сәтті жүзеге асырылуда. Осының нәтижелі бір көрінісі - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстан Жазушылар одағының қатысуымен және «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» кітаптарының жарық көруі. Бұл – аса елеулі мәдени оқиға. 

«Қазіргі қазақ прозасының антологиясына» 30 автор және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясына» 30 автор шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне (ағылшын, орыс, қытай, испан, араб, француз) аудару үшін үлкен іріктеумен таңдалып алынғаны белгілі. Және олар негізінен бүгінгі қазақ әдебиетінің шоқтығы биік, көркемдігі жоғары, кәсіби әдеби орта және қалың оқырман қауымы тарапынан жоғары баға алған шығармалар. 

«Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» жинағында әдебиетіміздегі аға буын, орта буын, жас буын өкілдерінен барлығы отыз автордың шығармасы топтастырылған. Әдебиетіміздің ауыр жүгін көтерген аға буын - Ш.Мұртаза, Қ.Ысқақ, Ә.Кекілбай, А.Сүлейменов, С.Мұратбеков, О.Бөкей, Ә.Тарази, Қ.Жұмаділов, Т.Әбдік, Д.Исабеков, М.Мағауин, С.Сматаев, С.Досанов, Б.Нұржекеев, Қ.Мұхамбетқалиұлы, Р.Сейсенбаев, С.Елубай, М.Байғұттардың стильдік даралықтарымен ерекшеленетін  прозасында қазақ қоғамының өткені мен бүгіні, ондағы формациялық өзгерістер және осы фондағы адамдар тағдыры мен болашағы; адамгершілік-имандылық, ұлттық генетикалық кодтың жасампаздық, жаңа өмір трансформациясындағы іргетас бола білер қасиеті көркем зердеден өтеді. 

Жазушылықтың бір мағынасы – терең дүниетаным, парасат, кеңістік және  жаңа мағыналар. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» баяндамасында Елбасы Н.Назарбаев, көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туын­дайтынына назар аудартқан.  Ал, жазушы қауымы осы бұқаралық сана-сезімге әсер етер қуатты рухани күш. Антологияға енген Д.Әшімханұлы,  Ж.Шаштайұлы. Ә.Асқаров, Р.Отарбаев, Т.Әсемқұлов, Т.Шапай, Н. Ораз, Ж.Қорғасбекұлы, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева, сондай-ақ әдебиетімізге тәуелсіздік кезеңінде келген талантты буын  Д.Амантай, Д.Қуат, Ю.Серебрянский  шығармаларында қоғамымыздағы күрделі үдерістердің адами мән-мазмұны, жаңғырған ұрпақ, жаңа дүниетанымның орнығуы, тәуелсіздіктің кермек дәмі – бәр-бәрі сан қилы көркемдік ізденістерде мағынасын табады. 

«Қазіргі қазақ поэзиясы» антологиясы – бүгінгі қуатты да парасатты, күрделі қазақ жырының мол спектрін танытады. Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, М.Айтхожина, О.Сүлейменов, А.Бақтыгереева, сондай-ақ кейінгі толқын-толқын ақындар М.Шаханов, Т.Медетбек, К.Ахметова, Ш.Сариев, Н.Чернова, Ю.Гундарев, Иран-Ғайып, В.Михайлов, Н.Айтов, Б.Қанапиянов, Ұ.Есдәулет, Ж.Есенқұл, Л.Шашкова, С.Ақсұңқарұлы, Е.Раушанов, С.Нұржан, Т.Әбдікәкімұлы, Г.Салықбай  жырлары Ұлы Дала елінің тыныс-тіршілігін, философиясын, тарихи тереңі мен жасампаз бүгінін, адам жанының құпия-қалтарыстарын бейнелі айшықтаса, поэзияға тәуелсіздік кезеңінде келген талантты жас буын М.Райымбекұлы, Ж.Сәрсектің рухты, Т.Толқынқызы, Ә.Дәулетбаева, Н.Бердалының сыршыл, А.Елгезек, Б.Қарағызұлы, Е.Жүністердің мәдени-пәлсапалық қыртысты көркем жырлары бүгінгі заман поэзиясының қуат-қайнарынан сусындатады.  Түйіп айтқанда  «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» -- ұлттың жан дүниесін, төлтума даралығын, рухани құндылықтар аясын танытатын; әлем оқырманы үшін жаңа кеңістік ашатын; қазақ сөзінің сәулесін көре, сезіне алғанға жаңа білім, жанына нәр беретін жинақтар.  

Осы кезге дейін қазақ әдебиетін шетел тілдеріне аудару ісі жекелеген авторлар, қоғамдық ұйымдар, демеушілердің көмегімен, сондай-ақ кей елшіліктердің мәдени бағдарламалары аясында бірен-саран түрде жүзеге асып келсе,  «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы бұл жинақтар әдебиетімізді әлемге кешенді түрде таныстырып, әлемдік әдеби картада Қазақ көркем сөзінің тереңі мен биігін жарқырай көрсетеді.  Сонымен қатар: 

  • осы антологияларды шығару, таныстыру барысында шетелдермен биік деңгейлі қаншама әдеби-мәдени байланыстар орнады, қазақ әдебиетінің таралу, насихатталу географиясы кеңейді. Мұның нақты мысалдары өткен аптадағы ресми таныстырылымда Республика Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың сөйлеген сөзінде айтылды. 
  • бұл жоба республикамыздағы аудармашылық мектептің жаңа буынының қалыптасуына, редакторлық мектептің жаңғыруына үлкен үлес қосып отыр. «Ұлттық аударма бюросының» үйлестірушілік-ұйымдастырушылық қажырлы еңбегі мен ондағы жас кадрлардың заманға сай іскерлігі, кәсіби ұшталуы да - жобаның бір жетістігі.

          Бұл жобаның жалғасы болатын  сыңайы бар. Осы орайда айтар бір мәселе – антологияларды тәуелсіздік кезеңімен шектемей, Абай Құнанбаевтан бастап XX ғасыр әдебиеті қамтылса  әбден орынды болар еді...

author

Бауыржан Қарағызұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...