Маусым айының басында “Қарасора” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды,...
«Әдеби өлкетану» жобасымен қаламгерлер Батыс Қазақстан облысын аралап жүр
"Әдеби өлкетану" жобасымен ақын-жазушылар Батыс Қазақстан облысын аралап жүр, деп хабарлайды madeniportal.kz ҚазАқпарат тілшісіне сүйеніп.
Аталмыш жобаны "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігімен бірлесіп қолға алған болатын.
Мұндағы мақсат - қаламгерлердің облыстардың рухани өмірімен тереңірек танысып, тың туындылар жазуына мүмкіндік беру.
Осыған орай мұның алдында Қазақстанның бірнеше облысында болған еді. Бұл жолы аталмыш жоба аясында Батыс Қазақстанға Алматыдан жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, "The Qazaq Times" ақпараттық, қоғамдық-саяси порталының бас редакторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы Қойшыбек Мүбәрак пен жас ақын, республикалық "Ақ желкен" журналы бас редакторының орынбасары Асылан Тілеген келді. Оларға Оралдан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ қосылды.
Қаламгерлер алдымен Ақжайық ауданында болды. Чапаев ауылында тұратын шежіреші ақсақал Аманғали Қайсағалиевпен кездесіп, ел аузында жүрген әңгімелерді жазып алды. Жер-су аттарының да шығу тарихына құлақ түрді.
Бұдан кейін Орал қаласының көрнекті орындарымен танысты. Соның ішінде Қадыр орталығында болып, ақын рухына тағзым етті. Алматыдағы ақын-жазушылардың ішінде бай кітапхананың бірі болып танылған Қадыр Мырза Әлидің өмір бойына жинаған кітаптары мен ұстанған бұйымдарының сырына үңілді.
Сондай-ақ орыстың ұлы ақыны А.Пушкин мен Е.Пугачев мемориалдық музей-үйлері де ерекше әсер етті.
"Менің Ақ Жайық өңірінде алғаш рет болуым еді. Орал әдемі тарихи қала екен. Әсер керемет. Сапарымыз нәтижелі болады деп сенемін. Менің мистикама арқау болатын біраз тақырыптар таптым", деді Қойшыбек Мүбәрак.
Осы облыстың Жаңақала ауданында туып-өскен ақын Асылан Тілеген әлі де көрмеген жер, кездеспеген адамдардың көп екендігін, сондықтан құнды деректер мен аңыз әңгімелерді барынша көбірек жинауды мақсат етіп отырғандығын жеткізді.
Шығармашылық топ сонымен қатар Қазталов, Бөкей ордасы және Қаратөбе аудандарында болмақ.