Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің былтырғы атқарған жұмысының есебі...
Бибісара Асаубаева АҚШ-та ақшасы мен құжаттарын жоғалтып алды
Фото: norwaychess.no
Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы жарысқа бара жатқанда ақшасы, банк карталары мен құжаттары салынған әмиянын жоғалтып алғанын хабарлады, деп жазады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы Arasha.kz жазды. Оқиға шахматшы Майамиден Сент-Луис қаласына ұшуға дайындалып жатқан кезде болған. Оның айтуынша, әмиянын қонақүйде қалдырып кеткен.
«Ішінде ақша, банк карталары және жеке куәлігім болған әмиянымды қонақүйде ұмытып кетіппін», – деп жазды Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шахматшы осыған ұқсас жағдайдың былтыр да болғанын еске алды. Бір жыл бұрын Вашингтоннан Сент-Луиске бара жатқан сапарында оның банк карталары мен 500 доллары ұрланған.
Асаубаеваның сөзінше, бұл жолы оны жоғалған ақша емес, әмиянның ішіндегі жеке заттар көбірек алаңдатқан. Онда жеке куәлігінен бөлек, жақын адамы қолмен жазған хат болған.
«Ақша келеді-кетеді. Бірақ жоғалтып алу бәрібір көңіл-күйге әсер етеді. Ақшасы болмаса да, әмиянымды қайтарып берсе екен. Өйткені ішінде маған өте жақын адамның өз қолымен жазған хаты бар», – деді шахматшы.
Кейін бұл оқиға жақсы аяқталғаны белгілі болды. Бибісара жоғалды деп ойлаған әмиянын үш шабаданының бірінен тауып алған.
Ол қатты шаршағандықтан әмиянды бірден байқамағанын айтып, қолдау білдірген көпшілікке алғыс білдірді.
«Әмиян үш шабаданның бірінің ішінен табылды. Кеше шаршағандықтан байқамай қалған шығармын. Қызығы, қонақүйге хат жазып, хабарласқаннан кейін ғана тауып алдым», – деді Асаубаева.
Бибісара Асаубаева 8–21 тамыз аралығында АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтетін ірі шахмат турниріне қатысады. Жарысқа әлемнің үздік шахматшылары шақырылған.