Өнер иесі Роза Әлқожа екі айлық ән сапардан келгенін айтты, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ. &...
«Шығара беріңдерші!»: Мақпал Жүнісова Астанадан келген хатқа ашуланды
ашық дереккөз
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова медициналық мекемеден қайта-қайта хабарласып, тексеруден өтуді талап ететіндерге ренішін білдірді, деп хабарлады MadeniPortal.kz
Әншінің айтуынша, халық әртістері мен еңбек сіңірген қайраткерлер арнайы медициналық мекемеде, яғни «совминде» тіркеуде тұрады. Өнер иесі аталған мекемеде жыл сайын тегін санаторийге жолдама берілетінін былтыр ғана білгенін айтып, таңданысын жасырмады.
Мақпал Жүнісова бұған дейін мұндай жеңілдіктерді пайдаланбағанын жеткізді. Оның сөзінше, өзі үйіне жақын орналасқан жеке клиникаларда медициналық тексеруден өтіп тұрады. Сондай-ақ Корея мен Түркияға барған сапарларында да денсаулығын тексертіп жүргенін айтты.
Алайда әнші тіркеуде тұрған медициналық мекеме қызметкерлерінің қайта-қайта хабарласып, анализ тапсыруды талап ететініне наразы.
«“Совминнің” қыздары қайта-қайта қоңырау шалып: “Анализ тапсырыңыз, тексеруге келіңіз” деп қоймайды. Мен: “Қыздар, денім сау, Аллаға шүкір” десем, “Келмесеңіз, тіркеуден шығарамыз” деп қорқытады. “Шығара беріңдер” дедім. Менің ешнәрсеге жабысып қалған түгім жоқ, ауырсам Медеу ауданындағы үйіме жақын жерге барамын», – деді Мақпал Жүнісова.
Өнер иесінің айтуынша, жақында Астанадан да тіркеуден шығару туралы ескерту хат келген. Әнші мұндай әрекеттің себебін түсінбейтінін айтып, өзінің орнына басқа біреуді тіркегісі келетіндер болуы мүмкін деген күдігін жеткізді.
Сонымен қатар Мақпал Жүнісова денсаулығы жақсы екенін, концерттер мен гастрольдік сапарларға белсенді қатысып жүргенін атап өтті.